Қарағанды облысында «Кенесары хан додасы» этно-құрылтайы өтті.
Қарағанды облысында «Кенесары хан додасы» этно-құрылтайы өтті.
20 маусым күні TuranEl QazaqSport орталығының қолдауымен Turan-El Qazaq Sport ат спорты клубында өңірдегі ең ірі этно-құрылтайлардың бірі – «Кенесары хан додасы» ұйымдастырылып, ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге және этноспортқа қызығушылық танытқан мыңдаған қонақтың басын қосты.
Іс-шара аясында қонақтар көкпар, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, теңге ілу және басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша тартысты жарыстарды тамашалады. Жарысқа қатысушылар өздерінің шеберлігі мен кәсіби дайындығын көрсетсе, көрермендер қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ойындарының ерекшелігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Спорттық бағдарламамен қатар қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық қолөнер бұйымдары мен дәстүрлі кәсіп түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық мәдениетті насихаттайтын көрмелер, ашық аспан астындағы ерекше fashion-дефиле және этно-мәдени бағдарламалар қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Күні бойы алаңда Ұлы даланың рухы сезіліп, келушілер қазақ халқының көшпелі өркениетімен, тарихымен және мәдени мұрасымен жақынырақ танысты. Этно-құрылтай ұлттық құндылықтарды дәріптеп, этнотуризмді дамытуға және тарихи мұраны сақтауға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.
Іс-шара Қарағанды облысының тұрғындары мен қонақтарын біріктіріп, қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлап, ұлттық мәдениет пен тарихи дәстүрлердің мерекесіне айналды.
Бұл жазбаларды да қарауды ұсынамыз